Жастар бойында жат діни ағымдарға қарсы имуниттет қалыптастыру – заман талабы
Қоғамда талқылауға ұсынылған жаңа заңдардың жобасы діни ұйымдар мен діни және діни емес адамдардың құқықтарын төмендетпейді. Керісінше Еліміздің жас ұрпақтарын дұрыс бағытта тәрбиелеп, дұрыс жолды көрсетуге және жат ағымдардан сақтауға арналған заңдар жобасы деп нық сенімен айтар едім. Себебі, Қазақстан Республикасының басты заңы болып саналатын Конститутциямыздың бірінші бабында Мемлекеттің ең қымбат қазынасы ол адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылып тұр.
Ендеше еліміздегі жасалып жатқан бағдарламалар мен заңдарға өзгерістермен толықтырулар енгізу тағыда басқа жұмыстардың барлығы Мемлекетіміздің көркеюі мен халқының алаңсыз өмір сүріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін жасалатыны хақ.
Заң жобасы адамның бет-әлпетін тануына кедергі келтіретін киім киюді қоғамдық орындарда шектеу келтірсе, бұл дегеніміз мемлекеттің және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек.
Некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге жол бермесе, бұл мәжбүрлеп неке қию, әсіресе кәмелетке толмаған қыздарды некеге отыруға мәжбүрлеу сияқты ұмыт болған құбылыстарды болдырмау және адамдардың құқығын қорғауға бағытталып отыр.
«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңында сіз бен біз үміт артып отырған ұрпағымыздың құқтарын қорғау тұрғыдан заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатса, билік тізгініндегі ағаларымыздың болашақ үшін алаңдағанының белгісі деп түсінген жөн шығар.
Шетелдерде діни білім алу үшін заңды қайта қарап оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу нағыз дер кезінде қолға алынған мемлекетпен халық үшін ең негізгі жұмыс. Дәстүрлі дініміздің негізін өз елімізде қалыптастырып, ұлттық дәстүрімізбен сусындаған жастар, шетелдегі исламдық жоғарғы оқу орындарына діни ілімдерін терең оқуға мүмкіндік бергені өз алдына ғажап іс деуге болады.
Мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің дінге қатысты өздерінің жеке пікірлерін немесе діни ұйымдарды құруға, бастамашы болуға, тіпті өзінің қызметтік дәрежесін пайдалануға тиым салса – бұл дегеніміз мемлекет қызметкерлері қандайда бір діннің артында кетпей, зайырлы мемлекеттің толеранттық саясатын ұстана отырып, ұлтаралық татулықты нығайтатыны белгілі.
Әлемді үрейлендіріп, тыныштығын кетірген экстремизм мен терроризмнің ел ішіне салып жатқан іріткілері бізді де назардан тыс қалдырмады. Адам баласына үрей туғызып өміріне балта шабуға дайын тұрған бұл жат қылықтар біздің де жағымызға да жабысып үлгергені де белгілі. Осы бір шіріген идеологияны алдын алып жаңа заң қабылдап отырғанымыз дер кезінде және заман талабы екені бәрімізге аян. Енгізуге ұсынылған жаңа заңдар мемлекет пен елдің қауіпсіздігін күзету үшін жасалады және күзетеді.
Қазақ елінің жастары Қазақстан мемлекетінің иесі және мемлекет тыныштығының қорғаушысы екенін сезінуі керек. Еліміздің жастарын жат діни ағымның құрбаны болдырмау баршамызға ортақ мәселе.
Тәуелсіз мемлекет орнату үшін, қанша ғасыр ұрпақтары тер төккенін, тер тұрмақ жандарын да құрбан еткенін барша қазақ ұмыта қоймаса керек. Бабалардың қанымен, маңдай терімен келген Тәуелсіздік сіз бен біздің өмір сүру дәуірімізге тура келсе ол кездейсоқ келгені емес. Тәуелсіздікке қандай қиындықпен жетсек, оны сақтап тұру одан да қиын және үлкен жауапкершілікті талап етеді – деп Елбасымыз әр уақытта айтуда.
Соның ішінде 1000 жылдық тарихы бар алып шаһарымыз Алматының тыныштығы мен оның гүлденіп, күннен күнге түрленіп, құлпыруы үшін темірдей тәртіпті, ұлағатты мәдениетті, иманды да білімді жастар керек. Ол тәртіппен мәдениетті болдыру үшін, іріткі тастайтын жат ағымның, табиғатымызға жат қылықтар мен мәдениеттің біздің елге түкке керегі жоқ.
Қазақстанның болашағы – жастардың қолында.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын десек, жүрегінде иманы бар, бойында жігері тулаған, көзінде оты ойнаған, білімі жан-жақты, өз елінің отансүйгіштерін тәрбиелеу жолында аянып қалмайық ағайын.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі Басқармасы
Ақпараттық талдау бөлімінің басшысы
Қабылбеков Самат Еримаұлы