Close
22.09.2020

Деструктивті діни ағым: құрыққа бірінші түсетіндер кім?

Деструктивті діни ағым: құрыққа бірінші түсетіндер кім?

Соңғы кезде деструктивті діни ағымдардың миссионерлерінің адамды тікелей өзін арбауынан бөлек, ғаламтор мен әлеуметтік желі арқылы да құрыққа түсіру жағдайы жиілеген. Бұған не себеп болуы мүмкін? Пандемияның әсерінен қазір бүкіл тіршілік жартылай ғаламтор арқылы жүргізіліп жатқандықтан, миссионерлер де қарап отырмай осы жағдайға бейімделіп үлгерген. Ғаламтордың шексіз мүмкіндігін өздерінің мақсаттарына жетуде барынша қолданып бағуда. 

Психолог, Алматы қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының эксперті Лола Шакимова адаммен ғаламтор мен әлеуметтік желі арқылы психологиялық байланыс орнатудың 186 әдісі барын айтады. 

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының инстаграмдағы «din_almaty» ресми парақшасында өткен тікелей эфир кезінде эксперт маман миссионерлер адамды арбауда қандай әдіс-тәсілдер қолданатынын, деструктивті діни ағымның құрығына алдымен қандай адамдар ілігетінін түсіндіріп берді.  

– Миссионерлердің әрекетіне мұқият зер салсаңыз, құдды бір алдын ала психологиялық дайындықтан өткендей әсер қалдырады. Олар тұлғаның психологиясын жақсы меңгерген. Адаммен қарым-қатынас орнату, оның мінез-құлқы мен санасына психологиялық әсер ету дегенді жақсы біледі. Көбіне олар адамға транстық және нейро-лингвистикалық бағдарламалау әдісін қолданады. Америкалық ғалымдардың айтуынша ол әдіс синтаникалық сөйлесу түрі деп аталады. Яғни, адамды комплементарлы транс жағдайына түсіреді. Ол дегеніміз сенің қасыңдағы сөйлесіп отырған адам саған өте жағымды әсер етеді. Сол сәттен бастап адамның сол тұлғаға не қандай да бір деструктивті бағыттағы топ басшысына деген психологиялық бағыныштылық қалыптасады, – дейді психолог Л.Шакимова.   

Деструктивті діни ағымның психологиялық арбауына көбіне қандай адамдар бірінші болып ілігеді десек, маманның айтуынша, бірінші орында 16 мен 29 дейінгі жастар тұр. 

– Жастар аудиториясымен жиі жұмыс істейтіндіктен, айта кетейін, біздің жастар өте ақылды, сауатты, білімді. Алдына қойған мақсаттарына жетуге ұмтылып тұр. Әр нәрседен хабары бар, бар мағлұматты көбінесе интернеттен алады. Олар бір-бірімен интернет, әлеуметтік желі арқылы байланысады, – деген маман неліктен дәл осы жастар тобы қауіп-қатердің тұзағына бірінші ілініп, деструктивті діни ағымның арбауына түсіп қалады деген сұраққа жауап берді. 

– Ол жастар тұлғасының психологиялық ерекшелігіне байланысты. Олардың іс-әрекеті, психологиялық күйі, эмоционалдық тұрақсыздық, эмоционалдық әсерленгіштігі, жағдайға қарай көңіл-күйінің жиі құбылмалы болуы, жастық максимализм мен нигилизм, өздігімен шешім қабылдауға ұмтылғыштығымен байланысты, – деді маман. 

Жоғарыдағы сипаттамалардың бәрі деструктивті діни ағымдар мен миссионерлерге арбау үшін таптырмас көмекші құрал. Психологтың айтуынша, жастар сырт көзге көрініп тұрған мәселенің бәріне өте сезімтал келеді. Сондықтан олар бірінші болып миссионерлердің көзіне түсіп, құрығына ілінеді. 

Сондай-ақ, деструктивті діни ағымдар мен миссионерлердің психологиялық арбауына тез ілінетін екінші бір топ бар, олар – халықтың маргиналды тобы. 

Маргиналдар дегеніміз әлеуметтік жағдайы, статусы тұрақсыз, қоғамдағы өздерінің жағдайына көңілі толмайтын, психологтардың тілімен айтқанда фрустрация жағдайындағы адамдар.

Фрустрация – адамның психологиялық жайсыз жағдайы. Фрустрация кезінде адамда толеранттылық пен тұрақтылық төмендейді де, иланушылық жоғарылайды. Сондықтан олар деструкитвті діни ағымдардың құрығы мен қақпанына тез түсіп қалады.   

Үшінші бір топ бар, олар – тәуелділік белгілері бар адамдар. Тәуелділік – психологиялық жағынан болуы мүмкін және ойынға тәуелділік, анаша, ішімдікке тәуелділік секілді түрлері де бар. 

Психолог мамандар егер адамда қандай бір нәрсеге тәуелділік байқалса, онда адамда ерік-жігерін тізгіндеуі нашарлап, толеранттылық төмендейді дейді. Нәтижесінде олар қандай да бір діни ұйымның мықты психологиялық арбауына қалай ілінгенін байқамай қалатын көрінеді. 

– Психикалық жай-күйі бұзылған, депрессия құшағында жүретін адамдар барын да ұмытпау керек. Әдетте мұндай адамдар интернет не әлеуметтік желіден жайсыз хабар оқыса, өздерінің эмоционалдық жағдайын қиындатып алады. Өзінің айналасындағы барлық проблемалық жағдайларға пессимистік тұрғыдан қарай бастайды. Сондықтан бұлар да миссионерлердің құрығына тез ілінеді, – деді Лола Сергейқызы. 

Адамдармен қарым-қатынасы қиын, психологиялық мәселесі бар адамдар да бар. Яғни олардың жеке басы, үйінде жиі ұрыс-керіс, жұмыста, әлеуметтік ортада түсініспеушілік жиі болатын болса, ондай адам да фрустрация жағдайында жүреді. Демек, бұл жағдайда да тұзаққа түсу қаупі басым болады. 

Ескерте кетейік, жоғарыда аталған топтардың барлығы психолог маман айтқандай сипаттамаларға ие. Егер сіз өзіңіздің бойыңыздан аталған сипаттамалардың бірін байқасаңыз және осы уақытта қандай да бір діни ұйымға мүше болып, ол ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік ұстаным мен қазақы дүниетанымға қайшы келсе, дереу ақылға салып ойланыңыз. Бәлкім, ол адам досыңыз немесе туысыңыз не жақыныңыз болуы да мүмкін. 

Сондықтан Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» (Төлебаев көшесі, 38, телефон: 8-701-120-75-70, 8-701-120-75-03) телефонына хабарласыңыз. Бұл орталықта деструктивті діни ұйымдардан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, жат ағымдарды ұстанушылармен алдын алу жұмыстары жүргізіледі.